STEPPENEWS.KZ: Атырау қалалық мамандандырылған тергеу соты отбасын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевті екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына тоғытылып, оған қатысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Kazinform хабарлады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Сәрсемалиев өзінің қайын атасы мен қайын енесін, сондай-ақ әйелінің ағасы мен қарындасын өлтірді деп айыпталып отыр. Оқиға Жангелдин ауылы мен қаладағы Геолог мөлтек ауданында орын алған. Қайтыс болған Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның денелерінен өткір заттан салынған жарақаттар табылды. Ерлі-зайыптылардың мәйіті ауылдағы үйдің қорасынан анықталса, балаларының көмілген жерін күдіктінің өзі кейін көрсеткен.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары осы шулы қылмыстың барлық жағдайын егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) және 188-бабы (ұрлық) бойынша айып тағылды. Отбасынан аман қалған жалғыз мүше – күдіктінің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі уақытта психиатриялық орталықта дәрігерлердің бақылауында жатыр.

