STEPPENEWS.KZ: Атырауда сыныптасының қолынан жарақат алған мектеп оқушысының жағдайы жақсара бастады. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен қыз реанимациядан хирургия бөлімшесіне ауыстырылды.
Облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ержан Есболаевтың айтуынша, науқастың мойны, кеуде тұсы және қолы зақымдалған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, орташа ауырлық дәрежесінде деп бағалануда.
«Ол хирургия бөлімшесіне ауыстырылды және онда анасымен бірге жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауды жалғастырып, қажетті көмек көрсетуде», – деді ол.
Қайғылы оқиғадан кейін мектепте ата-аналар жиналысы өтті. Куәгерлер мен ата-аналар бұл жағдайдың бәріне ауыр соққы болғанын айтады. Жиналысқа қатысқан аналардың бірі сол күні сабақтан кейін оқушылар ағылшын тілі пәніне қажетті телефондарын алу үшін сынып жетекшісіне барғанын айтып берді. Мұғалім телефонды қайтарудан бас тартқан соң, қыздар дәлізбен кері қайтқан.
«Зардап шеккен қыз әрдайым баяу жүретін және сәл артта қалып қоятын. Қыздар оның келе жатқанын көру үшін артына бұрылғанда, шабуыл жасалып қойған екен. Біздің балаларымыз әлі де шок жағдайында. Егер олар қасында болмағанда, бәрі бұдан да қайғылы аяқталуы мүмкін еді», – деп бөлісті оқушының анасы.
Қазіргі уақытта білім ордасында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, тексеру шаралары мен тергеу амалдары жүргізілуде. Мектеп басшылығы болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін кіреберіске металл детекторларын орнатуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

