STEPPENEWS.KZ: Бүгінде біреудің мазасын алып, соңынан қалмай ізіне түсу — жай ғана «көңіл бөлу» немесе «сезімін білдіру» емес, нақты қылмыс. Қазақстанда Қылмыстық кодекске 115-1-баптың енгізілуі қудалау құрбандарын ерте кезеңде қорғауға және агрессорды дер кезінде тоқтатуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде елімізде ондаған іс сотқа жетіп, кінәлілер тиісті жазасын алуда.
Қудалаудың зардабы мен мақсаты
Сталкинг — адамның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысу, аңду және соңынан қалмай қудалау әрекеті. Бұл тек қана сырттай бақылау емес, құрбанның психикасына ауыр соққы беретін процесс. Ол адам бойында тұрақты қорқыныш, үрей, стресс және терең депрессия тудырады. Көбіне әлеуметтік желідегі аңдудан басталатын бұл әрекеттердің соңы физикалық зорлық-зомбылыққа немесе мүлікті бүлдіруге ұласуы мүмкін. Негізінде, ізіне түсушінің басты мақсаты — құрбанын толық бақылауда ұстап, оның еркіндігі мен жеке кеңістігін шектеу.
Мемлекеттік шаралар мен заңның күші
Ішкі істер министрлігі бұл бағытта ауқымды жұмыстарды қолға алды. ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисовтың айтуынша:
«Мемлекеттік деңгейде кең көлемді дайындық жұмыстары жүргізілді. Оқиғаны тіркеу және тергеу тәртібі бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, қызметкерлер оқытудан өтті».
Жаңа заңнама аясында сталкинг жасағаны дәлелденген адамдарға 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, қоғамдық жұмыстарға жегіледі немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады.
Сот тәжірибесі және ағымдағы жағдай
Бүгінгі таңда бұл бап бойынша нақты нәтижелер бар. Сталкинг криминализацияланған сәттен бастап еліміз бойынша 51 іс сотқа жолданды. Оның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер бірден уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл қудалаушылардың қоғам үшін қауіпті екенін және заңның қатаңдығын көрсетеді. Самат Аисов атап өткендей:
«Сталкинг криминализацияланған сәттен бастап 51 іс сотқа жолданды, бұл ретте 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы санаттағы істерді тергеу Ішкі істер министрлігінің бақылауында».
Осылайша, құқық қорғау органдары кез келген навязчивый қудалауға құқықтық баға беріп, азаматтардың қауіпсіздігін заң аясында қорғауды жалғастыруда.

