STEPPENEWS.KZ: Атырау қаласында 16 наурызда 58 жастағы бастауыш сынып мұғалімі өз үйінде қаза тапты. Бұл туралы Syrmedia.kz Telegram-арнасы хабарлады.
Қайғылы жағдай түнгі сағат 03:30 шамасында орын алған. Алдын ала болжам бойынша, ұзақ жылдар отасқан ерлі-зайыптылар арасында туындаған тұрмыстық жанжалдың соңы қанды оқиғаға ұласқан. Полиция қызметкерлері күдікті ретінде марқұмның 62 жастағы жұбайын ұстады.
Ажал құшқан әйел қаладағы беделді білім ордаларының бірі — №16 мектеп-лицейінің ардақты ұстазы болған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, оған қатысты «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық егжей-тегжейін анықтап жатыр.

