STEPPENEWS.KZ: Жамбыл облысында әскери бөлім аумағында күзет қызметінің бастығы оқ тиіп қаза болды. Қайғылы оқиға 15 наурыз күні күзет посттарының бірінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ведомстволық әскерилендірілген күзет қызметінің азаматтық қызметкері карабиннен абайсызда оқ атып, күзет бастығына тигізген. Зардап шеккен адам ауыр жағдайда әскери госпитальға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Нақтылағандай, оқиғаға қатысқан екі адам да әскери қызметші болмаған. Олар ведомстволық күзет жүйесінде жұмыс істеген және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі құрамындағы әскери-тергеу басқармасының қызметкерлері болып табылады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

