STEPPENEWS.KZ: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындысымен танысты. Қазмедиа орталығының студиясында республикалық референдумның үгіт-насихат жұмысына қатысқан жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Және нәтижелер таныстырылғаннан кейін Мемлекет басшысы мәлімдеме жасады.

«Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте маңызды оқиға. Қазір ғана экзит-полл нәтижелері жарияланды. Соған сәйкес қазақ елі өзінің түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихы мен тағдырын айқындады. Бұл шешім әлем тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселеге қатысты ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы шынайы отаншылдықтың белгісі. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни еліміздің ең басты мерекелерінің бірі ретінде атап өтеміз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру жолын таңдады. Бұл – баршамызға ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын», – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумның жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ ұйымдастырылғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар толық сақталған. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да атап өтіп отыр.
«Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы ресми түрде жариялайды. Дегенмен қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің және Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл – дұрыс бағыт. Жаңа Халық Конституциясы елімізді жаңа жетістіктер мен табыстарға бастайды. Бұған ешқандай күмән жоқ. Дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай жағдай көптен бері болмаған еді. Учаскеге келіп, азаматтық ұстанымын айқын білдірген баршаға алғыс айтамын. Осы арқылы бүкіл әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін көрсеттік. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Бірлік бар жерде өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Сонда ғана озық, дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет боламыз», – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берілген Конституция – мемлекетіміздің басты тірегі.
«Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендіктің тірегі. Ата заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып Заң мен тәртіп үстемдік ететін, жауапты әрі жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдап отыр. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, келер ұрпаққа өркениетті, озық Қазақстанды аманат етеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Осы референдум кезінде жастар белсенділік танытып, дауыс беруге көптеп қатысты. Жастарымызға мың да бір рақмет! Жастарымыздың үні анық естілді. Әрқашан аман болыңыздар! Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

