STEPPENEWS.KZ: Сайлау учаскелеріне ерекше кейіппен келген дауыс берушілер саны көбейіп жатыр. Мұнда азаматтық міндет кей жерде креатив пен заманауи технологияға толы шағын мерекеге айналды.
Қостанайда Наурыз мерекесі қарсаңында сайлау учаскесіне Қыдыр ата кейпіндегі адам келіп, дауыс берді.

Астанадағы учаскелердің біріне дәстүрге айналғандай ақ халат киіп, үй киіммен келген қыз бұл жолы өзімен бірге робот-итін алып келді.

Алматы облысында жас жігіт референдумға қазақтың ұлттық киімін кигізген роботымен бірге келді.

Алматы облысының Есік қаласының тұрғыны дауыс беруге «Алтын адам» бейнесінде келді.

Ақмола облысында сайлаушылар учаскеге бүркіт пен тазыны ертіп келді.

Қызылорда қаласында Қазақ хандары Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан бейнесіндегі азаматтар бір мезетте дауыс берді.

Өскеменде жергілікті тұрғын өз учаскесіне әуе шарымен ұшып келді.

Қонаевта дрифт-шоудан кейін жарыс қатысушылары тікелей учаскеге барып дауыс берді. Сол жерде олар қар барысымен де кездесті.

Ақтауда жас жұбайлар сайлау учаскесіне Каспий теңізі арқылы жетіп, дауыс берген соң бірден өз үйлену тойына аттанды.


