STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы іске қосылғалы бері үш жыл ішінде 7 миллионнан астам баланың жинағы 2,5 млрд доллардан асты.
2026 жылы бағдарламаға 2008–2025 жылдары туған 6 918 656 бала қатысып отыр. Биыл олардың арасында Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 900 млн доллардан астам қаржы бөлінді. Орта есеппен әр балаға 130,71 доллардан есептелді. 2026 жылы 18 жасқа толатын 356 613 балаға жалпы көлемі 132,1 млн доллар аударылады.
Жинақталған қаражат инвестиция есебінен өсіп келеді. Бұған дейін есептелген 232,94 долларға қосымша 6,91 доллар табыс қосылған.
Осылайша, бағдарлама басталғаннан бері қатысып келе жатқан балалардың жинағы үш жылда орта есеппен 370,56 долларға жетті.
Жиналған қаражаттың бір бөлігі қазірдің өзінде пайдаланылып жатыр. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 158 774 өтініш бойынша 26,3 млн доллар бағытталған. Ал білім алуға ақы төлеу үшін 94 068 өтініш негізінде 15,5 млн доллар жұмсалды.

