STEPPENEWS.KZ: Желіде халық әртісі Мақпал Жүнісова мен белгілі мемлекеттік қайраткер Асқар Құлыбаевтың арасындағы диалог қызу талқыға түсіп, жұртшылықтың наразылығын тудырды. Сахна төрінде күтпеген жерден әншінің салмағына қатысты ескерту жасаған экс-министрге қазақтың ерке қызы лайықты әрі өткір жауап қайтарды.
Кезекті концерттердің бірінде сахнаға шыққан техника ғылымдарының докторы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың әкесі Асқар Алтынбекұлы көпшіліктің көзінше әншіге ақыл айтпақ болған. Ол Мақпал Жүнісоваға «егер он келідей тастасаң, бұрынғыдай сұлу болар едіңіз» деген мазмұнда пікір білдіріп, өнер иесінің бүгінгі пошымын сынға алған. 86 жастағы саясаткердің бұл сөзі көрермендер арасында түсініспеушілік тудырып, әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын келтірді.
Алайда, кез келген жағдайда сөзден мүдірмейтін Мақпал Жүнісова бұл жолы да есесін жіберген жоқ. Ол өзінің сырт келбетіне қатысты айтылған сынға салқынқандылықпен, бірақ нық жауап берді. Әнші өзінің қазіргі дене бітіміне көңілі толатынын айта келе, «Менің енді байға шығатын ойым жоқ, фигурам өзіме ұнайды» деп қысқа қайырды. Бұл жауаптан кейін залдағы көрермендер әншіні қошеметпен қолдады.
Қазіргі таңда бұл видео Instagram мен TikTok желілерінде вирустай тарап, оқырмандар екі топқа бөлінді. Көпшілігі экс-министрдің бұл әрекетін этикаға жатпайтын, орынсыз сын деп бағаласа, енді бірі Мақпалдың тікелей айтылған жауабына тәнті болуда. «Қазақтың ерке қызына мұндай сын жүрмейді» деген пікірлер желіде көш бастап тұр.

