STEPPENEWS.KZ: Михаил Шайдоров халықаралық марапатқа үміткер атанды. International Skating Union (ISU) 2026 жылғы ISU Figure Skating Awards сыйлығының үміткерлер тізімін жариялады.
«Үздік костюм» аталымына Қазақстаннан Михаил Шайдоров енді. Ол мұздағы бағдарламаларына арналған әсерлі сахналық образдары мен костюмдердегі ұсақ детальдарға ерекше мән беруімен танымал.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 29 наурыз күні Прага қаласында өтеді. Салтанатты кеш YouTube желісіндегі Skating ISU арнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Көрермендер де өз таңдауларын қолдай алады: дауыс беру баршаға ашық, әр адам төрт аталымның әрқайсысы бойынша бір реттен дауыс бере алады. Олар — «үздік костюм», «ең әсерлі бағдарлама», «үздік хореограф» және «үздік бапкер».

ISU сыйлығы 2020 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол мәнерлеп сырғанаудағы үздік жетістіктерді — спортшылардың, бапкерлердің, хореографтардың және костюм дизайнерлерінің еңбегін атап өтеді. Алғашқы марапаттау рәсімі пандемия кезеңінде онлайн форматта ұйымдастырылған. Оны олимпиада және әлем чемпиондары Танит Белбин мен Чарли Уайт жүргізген. Осылайша спорттағы нәтижемен қатар шығармашылық үлесті де бағалау дәстүрі қалыптасты.
Кейінгі жылдары марапаттау кешін мәнерлеп сырғанаудың танымал өкілдері жүргізді. Олардың қатарында Курт Браунинг, Тара Липински, Джонни Вир және тележүргізуші Элма Смит бар.
Михаил Шайдоров — «Үздік костюм» аталымы бойынша ISU сыйлығына ұсынылған алғашқы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Бұл марапат әлемдік мәнерлеп сырғанауда спорттық жетістіктер мен көркем шеберлікті қатар бағалайтын ең беделді сыйлықтардың бірі саналады.

