STEPPENEWS.KZ: Асем Әубәкір 6 наурыз күні Хошимин қаласында байланысқа шығуын тоқтатқан. Оның әпкесінің айтуынша, қыз Ханойға ұшып барып, Қазақстан консулымен кездесуі тиіс болған. Алайда ол әуежайдан шамамен 20 шақырым жерде жоғалып кеткен.
Туыстарының сөзінше, жоғалар алдында қыздың мінез-құлқында күмәнді жағдайлар байқалған. Ол қатты қорқып жүргенін айтып, өзін біреулер аңдып жүргендей сезінгенін жеткізген. Әуежайда өзінің рейсін таба алмағаннан кейін жағдайы нашарлап, екі тәулік бойы ұйықтамаған.
Соңғы тіркелген әрекет — 6 наурыз күні сағат 15:08-де такси қосымшасы арқылы шақырған көлікті тоқтатуы. Сонымен қатар туыстары жоғалар алдында Асемнің АҚШ азаматшасымен бірге түскі ас ішкенін айтты. Ал отбасымен соңғы сөйлескен кезінде оның сөзі түсініксіз болған.
«Егер Вьетнамда таныстарыңыз немесе туыстарыңыз болса, бізбен байланысуға көмектесіңіздер. Мүмкіндік болса, полиция мен ауруханаларға да хабарласып көрсеңіздер. Өте ризашылығымды білдіремін», — деді жоғалған қыздың әпкесі Рузана Әубәкір.
Бұл жағдайға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

