STEPPENEWS.KZ: Алматыда жаңа халықаралық University of Innovation and Technology (InnoTech) университеті ашылады. Жоба Arizona State University, Q Group және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы серіктестік аясында жүзеге асырылады.
Arizona State University он жылдан астам уақыт бойы U.S. News & World Report рейтингі бойынша АҚШ-тағы ең инновациялық университет ретінде танылып келеді. Қазір онда 181 мыңнан астам студент білім алады.
Жаңа университеттің алғашқы қалалық кампусы Алматының іскерлік орталығында орналасып, 2026 жылы жұмысын бастайды. Ал 2028 жылға қарай америкалық университеттер үлгісіндегі толыққанды инновациялық кампус ашу жоспарланған.
InnoTech цифрлық экономикаға қажетті мамандарды даярлауға, инновацияны дамытуға және дарынды жастардың шетелге шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі білім алуына мүмкіндік жасауға бағытталады.
Бүгінде жыл сайын 90 мыңнан астам қазақстандық студент халықаралық деңгейде мойындалған диплом алу үшін шетелге кетеді. Жаңа университет осы үрдіске балама ұсынып, сапалы білімді ел ішінде алуға жағдай жасауды көздейді.
Университетті құру туралы ресми келісім Орталық Азия елдері мен АҚШ басшыларының C5+1 форматындағы кездесуінде, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің қатысуымен жасалды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек InnoTech университетінің ашылуын елдің білім беру жүйесі үшін стратегиялық маңызы бар қадам деп атады. Оның айтуынша, жаңа буын университеттері тек білім беріп қана қоймай, инновация орталығына, технологиялық кәсіпкерлікті дамытатын алаңға және талантты жастарды тартатын орталыққа айналуы керек.

