STEPPENEWS.KZ: Ақордада өткен салтанатты шарада Президент қазақстандық әйелдерді алда келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Ол әйелді «өмірдің мызғымас тірегі әрі берекенің бастауы» деп атап, ананың мейірімі мен тәрбиесі арқылы балаларға ұлттық болмыс, тіл мен дәстүрдің берілетінін айтты.

Мемлекет басшысы тарихтағы әйелдердің рөліне тоқталып, Томирис патшайымнан бастап Зере анаға дейінгі тұлғаларды мысалға келтірді. Сондай-ақ қазіргі Қазақстанның дамуына әйелдердің қосып отырған үлесі зор екенін айтып, олардың ғылымда, медицинада, бизнесте, спортта және мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерге жетіп жүргенін атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, елдегі судьялардың жартысын әйелдер құрайды. Сонымен қатар азаматтық қорғау, прокуратура, ішкі істер органдары, қорғаныс және арнайы қызмет салаларында 45 мыңнан астам әйел жұмыс істейді.
Президент Дубайда өткен халықаралық турнирде қазақстандық «Томирис» әйелдер командасының жеңіске жеткенін де атап өтті. Оның сөзінше, мұндай батылдық пен қайсарлық Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сияқты батыр қыздардың дәстүрін жалғастырып келе жатқан нағыз қаһарман әйелдерге тән.

