STEPPENEWS.KZ: Алматы музейінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара қазақ әйелдерінің ел тарихы, мәдениеті мен өнеріндегі ерекше рөлін таныстыруға арналды.
Көрме экспозициясына Алматы музейінің қорынан алынған, қазақ өнерінде айрықша із қалдырған тұлғалардың жеке заттары қойылды. Келушілер ұлттық сахна өнері мен музыка мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан өнер майталмандарының шығармашылық мұрасымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Атап айтқанда, көрмеде қазақ өнерінің көрнекті өкілдері – Хадиша Бөкеева, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Джаманова, Мадина Ералиева және Сауле Жанпейісоваға тиесілі жеке бұйымдар, концерттік және сахналық костюмдер, архивтік фотосуреттер, құжаттар мен портреттер ұсынылды. Бұл жәдігерлер қазақ әйелдерінің өнердегі орны мен олардың ұлттық мәдениетті дамытудағы еңбегін айқындай түседі.

Көрменің ашылу салтанатына Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері, зиялы қауым, өнер қайраткерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Шараға қала тұрғындары мен қонақтары да жиналып, қазақ өнерінің көрнекті әйел тұлғаларының өмірі мен шығармашылығы туралы тың мәліметтермен танысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің басты мақсаты – қазақ әйелдерінің мәдениет пен өнер кеңістігіндегі маңызын кеңінен насихаттау және олардың шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа таныстыру.
Көрме Алматы музейінде 12 наурызға дейін жалғасады.

