STEPPENEWS.KZ: Қазақстандағы әйелдер саны 10 488 074 адамға жетіп, елдің маңызды бөлігін құрап отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, нәзік жандылардың орташа жасы 34,1 жас болса, олардың өмір сүру ұзақтығы 79,4 жылға дейін жетеді.
Демографиялық картаға сүйенсек, әйелдер ең көп шоғырланған аймақ — Алматы қаласы (1,2 млн адам). Мұнан кейінгі орындарда Түркістан облысы (1 млн), елорда Астана (803,5 мың) және Алматы облысы (778,5 мың) тұр. Жалпы әйелдер қауымының 55,5%-ы 16 мен 60 жас аралығындағы белсенді топқа жатады, ал 61 жастан асқандардың үлесі 15,4%-ды құрап отыр.
Еңбек нарығында 4,4 миллион әйел қызмет етіп жүр, бұл жұмыспен қамтылған халықтың 48%-ына тең. Әсіресе жеке кәсіпкерлік саласында әйелдердің үлесі басым (50,8%). Негізгі қызмет бағыттары ретінде білім беру, сауда және денсаулық сақтау салалары көш бастап тұр. Еңбекке ең жарамды әрі белсенді буын ретінде 35-44 жас аралығындағы 1,3 миллион нәзік жанды анықталды.

