STEPPENEWS.KZ: Семейде жасөспірімді ұлтаралық алауыздық тудыру бойынша соттады. Істі Абай облысының кәмелетке толмағандар істерін қарайтын арнайы сот қарады.
Сот деректеріне сәйкес, 2025 жылғы ақпанда мектеп оқушысы скинхедтер қозғалысына қатысы бар түрде «Skinheads industries-Semey» атты Telegram чатын құрған. Онда ол әртүрлі ұлт өкілдерін, соның ішінде Үндістан студенттерін және олардың мәдениетін қорлайтын мәтіндік және аудиохабарламалар жариялаған.
Тергеу анықтағандай, жасөспірім чатқа қатысушыларды өз көзқарастарын қолдауға шақырып, жаңа адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, экстремистік идеяларды таратуға тартқан.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкінгенін жеткізді. Сот оған 1 жыл 4 айға шектеулі бостандық жазасын тағайындады.

