STEPPENEWS.KZ: Иран барлық азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға уақытша тыйым салды. Шектеу 3 наурыздан бастап күшіне енді және билік қосымша шешім қабылдағанға дейін қолданылады.
Бұл туралы тиісті нұсқау елдің кеден қызметтеріне жолданған. Шешім ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және өнім бағасының күрт өсуіне жол бермеу мақсатында қабылданған.
Бұған дейін шектеу тек жекелеген тауар түрлеріне ғана қатысты болған. Атап айтқанда, картоп, қызанақ, құрма және жұмыртқа экспортына шектеу қойылған еді. Енді тыйым азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлдеқайда кең тізімін қамтып отыр.
Мұндай шаралар әдетте экономикалық тұрақсыздық немесе геосаяси жағдай ушыға түскен кезде қабылданады. Негізгі мақсат – ел ішінде азық-түлік қорын сақтап, бағаны тұрақтандыру.
Иран Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдеріне жеміс-жидек, көкөніс, жаңғақ және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін негізгі елдердің бірі саналады. Сондықтан бұл шектеулер өңірдегі азық-түлік жеткізіліміне уақытша әсер етуі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үшін бұл тыйымның әсері айтарлықтай болмайды. Өйткені ел негізгі азық-түлік өнімдерін өзі өндіреді. Дегенмен нарықта кейбір импорттық тауарлардың, әсіресе Ираннан әкелінетін кептірілген жемістердің, жаңғақтардың және кейбір жеміс түрлерінің бағасы уақытша қымбаттауы ықтимал.
