STEPPENEWS.KZ: Ақмола облысында газ баллондарын пайдалану талаптары күшейтілді. Бұл шешім Щучинск қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін қабылданды.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, облыс әкімі жаппай адамдар жиналатын орындарда, соның ішінде кафе мен мейрамханаларда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын қатаң бақылауды тапсырды.
Газ қауіпсіздігі мен газбен жабдықтау мәселелеріне жауапкершілік қала және аудан әкімдіктерінің тұрғын үй инспекцияларына жүктелді. Қазір жергілікті атқарушы органдар рейдтер ұйымдастырып, жоспардан тыс тексерулер жүргізіп жатыр.
Арнайы мобильді топтар әлеуметтік нысандарды, көпқабатты және жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ газ толтыру және автогаз құю бекеттерін аралап тексеруде.
Бұдан бөлек, тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз жою үшін арнайы қабылдау және кәдеге жарату пункттерін ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шаралардың бірі болмақ.

