STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда жеке детективтердің қызметін ресми түрде рұқсат ету мәселесі қаралуда. Мәжілісте елде жеке детективтік қызмет институтын құруды көздейтін заң жобасы жұмысқа қабылданды.
Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, құжат азаматтардың өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мүмкіндігін кеңейтуге және жеке детективтердің жұмысын нақты құқықтық негізде реттеуге бағытталған.
Заң жобасында бұл қызметтің негізгі талаптары айқындалған: детектив бола алатын тұлғаларға қойылатын шарттар, детективтік агенттіктердің жұмыс тәртібі, лицензия беру рәсімі және мемлекеттік бақылау тетіктері көрсетілген.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жеке детективтердің қызметі заңмен нақты реттелмеген. Ішкі істер министрлігі бұған дейін заңды негізсіз біреуді аңду немесе жеке ақпарат жинау жеке өмірге қол сұғу болып саналатынын және мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндірген.

