STEPPENEWS.KZ: ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдықтармен бірлесіп эвакуациялық рейстер мен құрлық арқылы шығару жұмыстарын ұйымдастырды. Алғашқы 278 азамат Оманнан Алматыға жіберілді. Жалпы саны 467 қазақстандықты елге қайтару жоспарланған.
Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша екі эвакуациялық әуе рейсі іске қосылды.
3 наурыз күні таңертең 278 азаматтан тұратын бірінші топ ҚР-ның Дубайдағы Бас консулдығы қызметкерлерінің сүйемелдеуімен құрлық арқылы Маскат қаласына жеткізілді. БАӘ мен Оман шекарасында оларға шекарадан жедел өту үшін консулдық көмек көрсетілді.
189 адамнан тұратын екінші топ осы бағытпен кейінірек жолға шығады.
Әуе рейстерінен бөлек, эвакуация құрлық арқылы да жүргізілуде. Иран мен Түрікменстан шекарасындағы «Инчебурун» өткізу бекеті арқылы 15 қазақстандық азамат қауіпсіз түрде өткізілді. Бұл іске Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы консулдықтар қолдау көрсетті. Қазіргі уақытта оларға Ақтауға жетуге көмек көрсетілуде.
Сондай-ақ Тегеран мен Еревандағы дипломаттар «Заркух» компаниясының 35 қызметкерінің шығуын ұйымдастырды. Олар Иран–Армения шекарасынан автобуспен өтті.

