STEPPENEWS.KZ: Семей қаласындағы «BALA park» балалар ойын-сауық орталығында өрт шықты. Өрт туралы хабарлама 3 наурыз күні сағат 19:10-да түскен. Оқиға орнына полиция мен жедел қызметтер шұғыл жетіп, келушілер мен қызметкерлерді эвакуациялау жұмыстарын жүргізді. Аумақ қоршауға алынып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Әлеуметтік желілерде ғимараттан адамдардың дүрбелеңмен эвакуацияланғаны туралы ақпарат тараған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, балалар ойын-сауық орталығындағы өрт оқшауланған. Алайда толық сөндіру жұмыстары жалғасқан. Өртті сөндіру барысында ғимараттың аралық қабат жабындысы құлаған. Оқиға орнында 120 құтқарушы мен 21 техника жұмыс істеп, жедел штаб құрылған. Қатты түтін мен жоғары өрт жүктемесі сөндіру жұмыстарын қиындатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер тіркелмеген. Туыстар үшін 8 (7222) 35-38-36 нөмірі бойынша жедел желі ашылған.
Кейін ТЖМ өрттің Шугаев көшесіндегі ойын-сауық орталығында толықтай сөндірілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.

