STEPPENEWS.KZ: Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасында болған қайғылы оқиғаға байланысты тергеудің барысы туралы ресми мәлімдеме жасады. Құқық қорғау органдары өрт пен жарылыс салдарынан адам өліміне әкеп соққан нысанның иесін ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі, яғни «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдарын арнайы прокурорлар тобы жүргізіп жатыр. 2 наурыз күні күдікті ретінде танылған кәсіпкер ұсталып, оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында қажетті сараптамалар тағайындалды.
Өкінішке қарай, бұл оқиғадан қаза тапқандар саны артып отыр. Ақмола облыстық Денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, жансақтау бөлімінде жатқан тағы екі адам алған жарақаттарынан қайтыс болды. Осылайша, Щучинскідегі жойқын жарылыс пен өрттен қаза тапқандардың жалпы саны тоғыз адамға жетті. Дәрігерлер зардап шеккен өзге де азаматтардың өмірі үшін күресіп жатыр.

