STEPPENEWS.KZ: Ақтөбе облысында 3,5 млрд теңге көлемінде криптовалюта айналымымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Жергілікті Қаржы мониторингі департаментінің хабарлауынша, топ цифрлық активтерді заңсыз айналымға енгізу және қылмыстық табыстарды заңдастырумен айналысқан.
Ұйымдастырушы тұрақты құрылым жасап, қатысушыларға нақты міндеттер бөліп берген. Топ «дропперлер» деп аталатын жалған адамдарды іздеп, олардың атына банктік карталар мен криптобиржадағы аккаунттар ашып, қаржылық операцияларды жүргізіп, кейін қолма-қол ақшаға айналдырған.
Күдіктілер ATAIX және OKX криптобиржаларын пайдаланып, 150-ден астам дроппердің карталарына қаражат аударған. Кейін активтер жалған несие шарттары арқылы криптовалютаға айналдырылады және өз бақылауындағы айырбастау пункті арқылы шығарылады.
Жалпы жүргізілген операциялар көлемі 3,5 млрд теңгеден асты. Тексеру кезінде 46 смартфон, 92 банктік карта және 25 463 АҚШ долларына тең криптовалюта тәркіленді.
Бес күдікті қамауға алынды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

