STEPPENEWS.KZ: Астанада «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді бір мезгілде бірнеше адамға сату дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Прокуратура мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 8 млрд теңгеден асады.
Тергеу барысында құрылыс компаниясының қызметкерлері «International Invest Company IIC» ЖШС атынан бір пәтерді бірнеше адамға қатар сатқандығы анықталған. Олар әлеуетті сатып алушыларға макеттерді, техникалық паспорттарды және түрлі құжаттарды көрсетіп, мәміленің заңды екеніне сендірген.
Клиенттерге пәтерлер, коммерциялық нысандар мен автотұрақ орындары нарықтағы бағадан төмен ұсынылған. Алайда сатып алу-сату шартының орнына брондау, кепілақы немесе алдын ала келісімшарттар рәсімделген. Мұндай құжаттар мемлекеттік тіркеуден өтпейді және меншік құқығын бермейді.
Төлемдер қолма-қол түрде немесе күдіктілердің жеке есепшоттарына аударылған. Соның салдарынан ондаған адал сатып алушы зардап шегіп, жалпы шығын 8 млрд теңгеден асқан.
Сот шешімімен 7,4 млрд теңге көлеміндегі жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынса, тағы біреуі кепілмен босатылған.

