STEPPENEWS.KZ: Иран төңірегіндегі әскери эскалация әлемдік энергетика нарығына тікелей әсер етіп отыр. Инфрақұрылымға жасалған соққылар мен Ормуз бұғазының ықтимал жабылуы тек Таяу Шығысқа ғана емес, жаһандық мұнай жеткізіліміне, логистикаға, инфляцияға және іскерлік күтулерге ықпал ететін факторға айналды.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина бұл жағдайдың Қазақстан экономикасына әсерін талдап берді.
The Economist Ирандағы соғыс соңғы жылдардағы ең ірі мұнай шогын тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Нарықтағы реакция да осыны аңғартады: Reuters мәліметінше, Иранға жасалған соққылардан кейін биржадан тыс саудада мұнай шамамен 10%-ға қымбаттаған. Кейбір сарапшылар Ормуз бұғазы маңындағы іркілістер ұзаққа созылса, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асуы ықтимал екенін жоққа шығармайды.
Ормуз бұғазы – жаһандық энергетиканың негізгі тораптарының бірі. Ол арқылы әлемдік мұнай тұтынуының шамамен бестен бірі және теңіз арқылы тасымалданатын мұнай саудасының төрттен бірінен астамы өтеді. Сондықтан мәселе тек әскери қақтығыста емес, жеткізілім тізбегінің бұзылу қаупінде.
Қазақстан үшін ықтимал әсер
Қазақстан экспортының шамамен 50%-ы мұнай мен мұнай өнімдеріне тиесілі. Brent бағасы өскен жағдайда экспорттық түсім, бюджет кірістері және төлем балансы жақсаруы мүмкін. Қысқа мерзімде бұл экономикаға қолдау береді.
Алайда Қазақстан мұнай бағасының кез келген өсуінен автоматты түрде ұтады деу қате. Ұзаққа созылған дағдарыс инфляцияның үдеуіне, теңге бағамының құбылмалылығына және логистика шығындарының өсуіне әкелуі ықтимал. Әлемдік экономикада инфляциялық қысым күшейіп, орталық банктер жоғары мөлшерлемелерді ұзақ сақтауы мүмкін. Ал тым қымбат мұнай уақыт өте келе жаһандық сұранысты әлсіретеді.
Теңге бағамы
Теориялық тұрғыда қымбат мұнай теңгені қолдайды, себебі экспорттық валюталық түсім артады. Бірақ әскери шиеленіс жағдайында доллар қорғаныс активі ретінде күшейеді. Сондықтан теңге реакциясы аралас болуы мүмкін: бастапқыда құбылу, кейін мұнай факторы басым болса – тұрақтану.
Сонымен бірге carry trade тәуекелі бар: сыртқы ахуал нашарласа, шетелдік инвесторлар қазақстандық активтерден шығуы мүмкін, бұл теңгені әлсіретеді.
Ішкі инфляция
Бюджет ұтқанымен, халық пен бизнес бағаның өсуін сезінуі мүмкін. Ормуз маңындағы шиеленіс фрахт құнын, сақтандыру сыйлықақыларын және халықаралық логистиканы қымбаттатады. Бұл импорттық тауарлардың, көлік және авиациялық шығындардың өсуіне әкеліп, тұтынушылық бағаларға қысым жасайды.
OPEC+ және таңдау дилеммасы
OPEC+ альянсы жеткізілім тәуекелдері аясында өндіру көлемін тәулігіне 206 мың баррельге арттыруға келісті. Алайда Қазақстан үшін жағдай күрделі: бір жағынан жоғары баға экспорттық табысты арттыруы мүмкін, екінші жағынан альянс алдындағы міндеттемелер мен өтемдік қысқартулар бар.
Осылайша, Астана алдында дилемма туындайды: қолайлы баға конъюнктурасын толық пайдалану ма, әлде OPEC+ аясындағы тәртіпті сақтап, сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайту ма.
Иран төңірегіндегі дағдарыс Қазақстанға қысқа мерзімде пайда әкелуі мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде инфляциялық қысым, валюта тәуекелі және сыртқы белгісіздік экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіруі ықтимал. Сондықтан негізгі мәселе – мұнайдан түсетін уақытша табысты тиімді басқару және сыртқы шоктарға төзімділікті күшейту.

