STEPPENEWS.KZ: Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Серт ауылында соңғы бес жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі, өзара құрметі мен жоғары азаматтық жауапкершілігінің нақты нәтижесі.
Ауылда 900-ге жуық адам тұрады. Мұнда құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын нығайту және жас ұрпақты саналы тәрбиелеу мәселелеріне айрықша мән беріледі. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша тұрғындардың ортақ ісіне айналған.
Учаскелік полиция инспекторы ауыл халқымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ашық диалог пен өзара сенім – Серттегі тұрақтылықтың басты тірегі.
Серт тұрғындары еңбекке, спортқа және ұлттық дәстүрді дәріптеуге басымдық береді. Жастар үлкендерден өнеге алып, сыйластық пен жауапкершілікке негізделген ортада тәрбиеленіп келеді.
Ішімдіктен бас тартқан Серт ауылы – бірлік пен ортақ жауапкершілік қауіпсіз әрі берекелі қоғам қалыптастырудың айқын үлгісі.

