STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия Президенті Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл сапар Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толу қарсаңында өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Белград арасындағы конструктивті саяси диалог, парламентаралық байланыс және мемлекеттік органдар мен іскерлік топтардың ынтымақтастығы дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Қазақстанда қазіргі уақытта 60-тан астам сербиялық компания қызмет көрсетеді.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмыс жасап жатқанын айтып, сапар аясында Сербиядан келген іскерлік топ өкілдерін құптады. Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің қорытындысы сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді деп сенім білдірді.
Президент еліміздің бірқатар халықаралық бастамаларын қолдағаны үшін Сербияға ризашылығын жеткізді. Александр Вучич өз кезегінде қонақжайлық үшін алғыс айтып, Белград Астанамен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады. Сербия Президенті қазақстандық компаниялардың ортақ жобаларға, әсіресе құрылыс саласына қосар үлесін арттыруға мүдделі екенін атап өтті.
Александр Вучич Қазақстан ұсынған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін, бұл тек Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңызды жобаларға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар SCAT компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгейлі еркіндік беру мәселесі әлі шешімін таппағанын айтып, оны бірлескен іс-қимыл арқылы шешуге сенім білдірді. Ол сербиялық кәсіпкерлерді Қазақстанға инвестиция салуға ынталандыруға дайын екенін де атап өтті.
Сербия Президенті қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталығы сияқты бағыттарда өзара ықпалдастықты арттыру әлеуеті зор екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын жоғары бағалап, оны әлемдегі өсіп-өркендеудің үлгісі деп атады.
Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар талқыланды: сауда-инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, құрылыс және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

