STEPPENEWS.KZ: Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласында бесқабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан бірқабатты дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы болып, арты өртке ұласқан. Қайғылы оқиға туралы хабар түскеннен кейін бес минут ішінде Ақмола облыстық ТЖД күштері оқиға орнына жеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан ғимарат ішінде өрт тұтанып, адамдардың бір бөлігі түтін мен жалынның ортасында қалған. Өрт сөндірушілер жанып жатқан нысаннан 5 дана 50 литрлік газ баллонын және 2 оттегі баллонын сыртқа шығарып, ықтимал қайталама жарылыстың алдын алды. Сондай-ақ құтқарушылар 10-нан астам адамды аман алып шыққан.
Соңғы нақтыланған деректерге сәйкес, оқиға салдарынан 7 адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың арасында 16 жастағы жасөспірім қыз бар. Барлығы 28 адам зардап шеккен. Оның ішінде 13 адам Бурабай аудандық ауруханасына жатқызылып, қажетті ем қабылдап жатыр. Ал 6 адамға медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық бақылауға жіберілген. Зардап шеккендердің жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Денсаулық сақтау басқармасы желісі бойынша қосымша медициналық бригадалар жасақталып, барлық қажетті ресурстар – мамандар мен дәрі-дәрмектер жұмылдырылды. Санитарлық авиация дайындыққа келтіріліп, қажет болған жағдайда жедел көмек көрсету шаралары қарастырылған.
Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеуде. Сондай-ақ ТЖД басшылығы, облыс әкімінің орынбасары, өрт сөндіру қызметі, құтқару бөлімшелері, медицина қызметкерлері, полиция және газ-техникалық инспекция мамандары жұмылдырылған.
Ақмола облысында аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, жарылыстың нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.
Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Тұрғындардан тек ресми ақпарат көздеріне сену сұралады.

