STEPPENEWS.KZ: Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты негізгі ережелер мен өзгерістерді түсіндірді. Маманның айтуынша, талапкерлерге бейіндік пәндерді таңдауда белгілі бір еркіндік берілгенімен, оның өз шектеулері бар. Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлады.
Талапкерлер өтініш қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін жеке кабинеті арқылы таңдаған пәндерін өзгерте алады. Дегенмен, бұл мүмкіндік жылдың барлық кезеңінде бірдей қолжетімді емес.
«Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ кезінде талапкерлер бейіндік пәндерін өзгерте алады. Ал мамыр-шілде айларындағы негізгі ҰБТ тапсыру барысында бірінші мүмкіндіктен кейін бейіндік пәндерді өзгертуге болмайды», — деді Наужан Дидарбекова.
Бұл дегеніміз, егер оқушы негізгі ҰБТ-ның алғашқы мүмкіндігінде «математика-информатика» комбинациясын таңдаса, екінші мүмкіндікте оны басқа пәндерге ауыстыра алмайды. Ал қаңтарда «химия-биология» пәндерімен бағын сынап, наурызда «математика-информатика» бағытына ауысуға рұқсат етіледі.
Спикердің айтуынша, ҰБТ сертификаты тек тапсырылған жылдың соңына дейін, яғни 31 желтоқсанға дейін ғана жарамды болып саналады. Сонымен қатар, жыл басындағы сынақтарда сәтсіздікке ұшырау негізгі грант конкурсына қатысуға кедергі болмайды.
Ведомство өкілі әр тестілеудің нәтижесі жеке қаралатынын баса айтты: «Әрбір ҰБТ-ға тіркелу жеке жүргізіледі. Қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз айларындағы тестілеулердің нәтижелері бір-біріне әсер етпейді». Демек, қаңтар немесе наурыз айларында шекті балл жинай алмаған талапкерлер негізгі тестілеуге еш кедергісіз қатыса алады. Әрбір кезеңнің қорытындысы бойынша талапкерге жеке сертификат беріледі.

