STEPPENEWS.KZ: Албания астанасы Тиранада өтіп жатқан рейтингтік турнирден сүйінші хабар жетті. Еркін күрестен ел намысын қорғаған Болат Сақаев Muhamet Malo Ranking Tournament додасында үздік үштіктің қатарынан көрініп, жеңіс тұғырына көтерілді.
86 келі салмақта сынға түскен балуанымыз жартылай финалға дейін қарсылас шыдатпай жеткен еді. Алайда финалға берілетін жолда грекиялық Георгиос Куюмцидиске есе жіберіп, алтын үшін таласу мүмкіндігінен айырылып қалды. Бірақ Болат мұнымен тоқтап қалған жоқ. Үшінші орын үшін болған шешуші белдесуде түрікменстандық Алп Арслан Бегенджовты айқын басымдықпен жеңіп, қоржынға қола жүлдені салды.
Айта кетейік, Болат Сақаев боз кілемдегі тәжірибелі шеберлердің бірі. Ол 2023 жылы Азия чемпионы атанса, былтыр ғана сары құрлық біріншілігінде күміс жүлдені еншілеген болатын. Биылғы маусымды да сәтті бастаған отандасымыз өз деңгейін тағы бір дәлелдеп шықты.

