STEPPNEWS.KZ: Алматы қаласының Полиция департаментінде жеткізу қызметтері, прокуратура және қалалық мекемелердің қатысуымен кеңес өтті. Оған курьерлердің әдепке сай емес әрекеттері, соның ішінде жеткізу кезінде әйел адамдарға тиісу фактілері жөніндегі шағымдар себеп болған.
Курьерлер тұрғын үйлерге, жеке деректерге және азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты ақпаратқа қол жеткізетіндіктен, қауіпсіздік талаптарын күшейту аса маңызды екені айтылды. Осыған байланысты жұмыс процесінің барлық кезеңінде курьерлерді биометриялық сәйкестендіруді енгізу, аккаунттарды үшінші тұлғаларға беруге тыйым салу, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартуды болдырмау және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тұрақты бақылау мәселелері көтерілді.
Полиция өкілдері егер компаниялар жүйелі шара қабылдамаса, жеткізу сервистерінің жауапкершілігін күшейту мәселесі қарастырылатынын атап өтті.

