STEPPENEWS.KZ: Орал қаласында 43 жастағы блогер Айболат Букенов бопсалау, алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы «Мой город» басылымы хабарлады.
Тергеу мәліметіне сәйкес, ол аудан әкімдерінен, лауазымды тұлғалардан және бір депутаттан ақша талап еткен. Белгілі бір сыйақы үшін әлеуметтік желілерде жарияланған сыни жазбаларын өшіруге және «көмектесуге» уәде берген.
Сотта анықталғандай, блогер әуелі билікті сынау арқылы оқырман жинап, кейін танымалдылығын жеке пайдасына пайдаланған. Тергеу нұсқасы бойынша, алынған қаражаттың бір бөлігін ол бәс тігуге жұмсаған.
25 ақпанда Орал қалалық соты Айболат Букеновті орташа қауіпсіздік мекемесінде үш жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жәбірленушілердің барлығы келтірілген шығынды өндіру жөнінде талап қойған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындап, процестік келісімге келген. Үкім шыққанға дейін ол үйқамақта болған, ал сот шешімі жарияланғаннан кейін залда қамауға алынды.

