STEPPENEWS.KZ: Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Power International Holding (PIH) компаниясының басшылары Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады. Кездесу барысында энергетика және телекоммуникация салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Мемлекет басшысы газды өңдеу, тасымалдау және электр қуатын өндіру бағыттары Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған саладағы ірі бастамалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.
Сондай-ақ Президентке PIH холдингінің телекоммуникация нарығындағы қызмет аясын кеңейту жоспары таныстырылды. Компания бұл қадамды Mobile Telecom Service (Tele2) байланыс операторын сатып алу жөніндегі келісім аясында жүзеге асыруды көздеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бастама телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға, байланыс қызметтерінің сапасын арттыруға және олардың халық үшін қолжетімді болуына оң әсер ететініне сенім білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара серіктестікті одан әрі дамытуға және перспективалы инвестициялық жобаларды бірлесе іске асыруға мүдделі екенін растады.

