STEPPENEWS.KZ: Қазақ өнерінде сұлулық пен парасаттылықтың символына айналған Меруерт Өтекешева бүгін 75 жасқа толды. «Қыз Жібек» фильмі арқылы бүкіл халықтың махаббатына бөленген актрисаның өнер айдынында жүргеніне жарты ғасырдан асты.
Меруерт Өтекешева 1951 жылы 25 ақпанда дүниеге келген. Оның жұлдызы небәрі 17 жасында, жүздеген үміткердің ішінен Сұлтан Қожықовтың аңызға айналған туындысындағы басты рөлге таңдалған сәтте жанды. Осы фильм оған кәсіби табыс қана емес, өмірлік жары Құман Тастанбековпен де табыстырған еді. Кейіннен актриса М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында ондаған күрделі рөлдерді сомдап, театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері өнер жолындағы кейінгі толқынға үлгі болып келеді. Кино мен театрды қатар тізгіндеген актрисаның әрбір бейнесі көрермен жадында нәзіктік пен тектіліктің эталоны ретінде сақталып қалды.

