STEPPENEWS.KZ: Елорда әуежайында ұшу-қону жолағын қалпына келтіру бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары басталады. Осыған байланысты 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында әуе айлағының жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілмек.
Аталған мерзімде ұшу-қону жолағы күн сайын жергілікті уақытпен сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жабық болады. Әуежайдың баспасөз қызметі бұл шараның маңыздылығын атап өтіп:
«Жұмыстар жоспарлы сипатқа ие және аэродром инфрақұрылымы мен жарық беру жабдықтарын тиісті деңгейде ұстап тұруға, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған», – деп хабарлады.
Шектеу қойылған уақыт аралығына жоспарланған барлық халықаралық және ішкі рейстер ертерек немесе кешірек уақытқа ауыстырылды. Кестедегі бұл түзетулер авиакомпаниялармен және құзырлы мемлекеттік органдармен алдын ала келісілген. Ал жөндеу жұмыстары жүрмейтін уақытта әуежай үйреншікті режимде қызмет көрсетеді.
Әуежай әкімшілігі жолаушылардан сапарларын жоспарлағанда рейстердің нақты уақытын авиакомпаниялардан алдын ала нақтылауды сұрайды.
«Халықаралық Астана әуежайы жолаушыларға өзекті рейс кестесін авиакомпаниялардан біліп отыруды ұсынады және түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреді», – делінген ресми хабарламада.

