STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Ломбок аралындағы Сенару ауылында Максот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваны өлтірді деген күдікке ілінген ер адамды ұстады.
Онымен бірге бұрын халықаралық іздеуде жүрген, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған бұрынғы жұбайы да табылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, өткен жылдың қараша айында күдікті Атырау облысында пайдакүнемдік ниетпен және ұзаққа созылған тұрмыстық жанжалдар салдарынан әйелінің ата-анасын алдын ала жоспар құрып өлтірген. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында ол марқұмдардың денелерін шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған әрі олардың мүлкі мен ақшасын иемденген.
Қазіргі уақытта ұсталғандарды Қазақстанға депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айында полицияға Жангелдин ауылында бір отбасының бірнеше мүшесі жоғалып кеткені туралы туыстары хабарлаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жергілікті тұрғын әйел ағасы, оның жұбайы және екі ересек баласы – 32 жастағы ұлы Наурыз бен 35 жастағы қызы Мирамгүл қараша айынан бері байланысқа шықпағанын айтқан.

