STEPPENEWS.KZ: Халықаралық білім беру корпорациясының — KazGASA жанындағы FabLab зертханасында 3D-баспаға арналған филамент өндіруге мүмкіндік беретін, пластик қалдықтарын қайта өңдеуге арналған инновациялық экструдер әзірленіп, құрастырылды. Жоба университет студенттері мен оқытушыларының стартап бастамасы негізінде жүзеге асып, білім беру мен ғылыми-зерттеу үдерісіне тұрақты даму қағидаттарын енгізудің нақты үлгісіне айналды.

Бұл бастама «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар жоба KazGASA-ның ESG қағидаттары мен тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы стратегиялық ұстанымын айқындай түседі. Университет экологиялық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға және тұйық циклді технологияларды дамытуға басымдық беріп келеді.
Айта кетейік, FabLab зертханасы бұған дейін халықаралық цифрлық зертханалар қауымдастығы — FabLabs.io желісіне қосылған. Бұл мәртебе зертхананың халықаралық ашық технологиялық ынтымақтастық стандарттарына сай екенін дәлелдеп, университеттің жаһандық инновациялық бастамаларға қатысу мүмкіндігін кеңейтті.
Жоба студенттердің инженерлік ойлау қабілетін дамытуға, экологиялық технологияларды дәріптеуге және тәжірибеге негізделген оқыту тәсілін күшейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ әзірленген құрылғы тұрақты даму мен инновациялық өндіріс бағытындағы болашақ жобаларға берік негіз қалайды.

