Материал Qazaq Expert Club құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейітнұрованың талдаулары негізінде дайындалды.
STEPPENEWS.KZ: «Отбасы банкінің» жеңілдетілген бағдарламалары көктемде іске қосылғанда, жылжымайтын мүлік нарығында дәстүрлі түрде жандану байқалады. Алайда, құрылыс шығындары өсіп жатқан тұста бекітілген қатаң баға шектеулері нарықта теңгерімсіздік тудыруда.
Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейітнұрова өзінің Telegram-арнасында атап өткендей, құрылыс компаниялары жобаларды шаршы метріне 350–400 мың теңге көлеміндегі лимитке сыйғызуға мәжбүр. Ал іс жүзіндегі шығындар бұл көрсеткіштен әлдеқайда асып кеткен.
Сарапшының пайымдауынша: «Табыстылықты (маржаны) 10–15% деңгейінде ұстап тұру үшін девелоперлер ең алдымен сапаға жұмсалатын шығындарды қысқартады. Бағдарламалар іске қосылған сайын эконом және жайлылық-класс (III–IV санаттар) сегментінде сұраныс күрт артады. Сонымен бірге өзіндік құн да өседі: құрылыс-монтаж жұмыстары мен материалдар бағасының индексі жыл сайын тұрақты көтеріліп келеді. Ал мемлекеттік бағдарламалар аясындағы баға шектеулерін индекстеу процесі кешігіп жүреді».
Нәтижесінде құрылыс салушы белгіленген шекті баға мен үнемі құбылып тұратын өзіндік құнның арасында тығырыққа тіреледі. Жобаны қолжетімді тұрғын үй санатында қалдыру үшін олар «құн инжинирингіне» жүгінеді, бұл іс жүзінде жобаны арзандату деген сөз.
«Оңтайландыру жұмыстары ғимараттың негізгі бөлшектеріне әсер етеді. Төзімді, желдетілетін қасбеттердің орнына көбіне пенополистирол негізіндегі “дымқыл қасбет” қолданылады, ал қаптауға пайдаланылатын керамограниттің ең жұқа түрі таңдалады. Инженерлік желілер арзан баламалармен жабдықталады, бұл 3–5 жылдан кейін апаттық жағдайлардың жиілеуіне әкеп соғуы мүмкін. Лифттер бюджеттік модельдермен алмастырылады, дыбыс оқшаулау көрсеткіші ең төменгі шекте (Rw шамамен 52 дБ) орындалады, ал ауланы абаттандыру мен кіреберістерді әрлеу жұмыстары барынша қарапайым етіледі», – дейді Диляра.
Сарапшының пікірінше, жеңілдетілген бағдарламалар нарықтың негізгі қозғаушы күші болып қала бермек, бірақ олардың қазіргі жүйесі сапалы тұрғын үй ортасын құруға емес, лимитке сыйып тұрған «шаршы метрлерді» көбейтуге ғана бағытталған.
«Мәселенің бір шешімі – баға лимиттерін құрылыс материалдарының ресми индексіне байлап, динамикалық индекстеу жүйесіне көшу. Сондай-ақ тек сұранысты ғана емес, жобалық қаржыландыруды да міндетті техникалық аудитпен бірге субсидиялау қажет. Егер бұл тәсіл өзгермесе, алдағы 10–15 жылда нарық физикалық және моральдық тұрғыдан тез ескіретін тұрғын үй қорымен бетпе-бет келеді. Ал оны қайта жөндеу шығындары болашақта меншік иелері мен бюджетке ауыр жүк болады», – деп қорытындылады сарапшы.

