STEPPENEWS.KZ: Жер бетіндегі әрбір ұлттың басты қазынасы мен мәдениетін сақтаушы құралы – оның ана тілі. Осы құндылықты ұлықтау мақсатында 2000 жылдан бері жыл сайын 21 ақпан күні әлем жұртшылығы Халықаралық ана тілі күнін атап өтеді.
Бұл атаулы күннің негізі алғаш рет 1999 жылдың 17 қарашасында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында қаланған болатын. Халықаралық деңгейдегі бұл бастама тілдік әртүрлілікті сақтауға және көптілділікті дамытуға бағытталған. Ал 2008 жыл БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен ресми түрде «Халықаралық ана тілі жылы» болып жарияланып, әлем халықтарының өзіндік ерекшелігін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – халықтың тарихы, рухани мұрасы мен болашағының айнасы. Сондықтан бұл мереке әр адамның өз ана тіліне деген құрметін арттырып, оның мәртебесін биіктетуді көздейді.

