STEPPENEWS.KZ: Түркістан облысында Бәйдібек ауданының білім бөлімінің 18 қызметкеріне үкім шығарылды. Олардың қатарында бөлім басшылары, бухгалтерлер мен экономистер бар. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметіне сәйкес, олар мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерінің жалақысына арналған бюджеттік өтінімдердегі соманы әдейі ұлғайтқан. Қаражат жалған құжаттар арқылы аударылып, жалған тұлғалардың атына төленіп отырған.
Келтірілген жалпы шығын 583 миллион теңгеден асты. Тергеу барысында бұл қаржы толықтай мемлекетке қайтарылды.
Іс бойынша айыпталған төрт адамға рақымшылық жасалды. Қалғандары үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

