STEPPENEWS.KZ: 17 ақпанда Маңғыстау облысындағы «Бейнеу» полигонында жоспарлы далалық атыс жаттығулары барысында Құрлық әскерлерінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты мерзімді қызметтегі сарбаз қаза болды.
Ресми дерекке сәйкес, әскери қызметші қарумен жұмыс істеу кезінде оқ жарақатын алған. Жарақаты ауыр болып, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Аталған факті бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бастаған арнайы комиссия жіберілді.
Қарулы Күштер қолбасшылығы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, заңнамаға сәйкес қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

