STEPPENEWS.KZ: Түркістан қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері жасөспірім қыздың өмірін сақтап қалу үшін 3 сағатқа жуық созылған күрделі отаны сәтті аяқтады. Тексеру кезінде науқастың асқазан қуысын толықтай алып жатқан, салмағы 900 грамм болатын алып шаш түйіні анықталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, медициналық мекемеге шұғыл жағдайда жеткізілген пациентке жедел хирургиялық көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Хирургтер, анестезиологтер мен орта буын медицина қызметкерлерінен құралған кәсіби бригада 2 сағат 50 минут бойы тер төгіп, бөгде затты қауіпсіз алып шықты.
Мамандар бұл жағдайдың клиникалық тәжірибеде өте сирек кездесетінін және дер кезінде араласпағанда асқазанның қызметі толық тоқтап, жағдайдың ушығып кететінін атап өтті. Қазіргі таңда бойжеткеннің денсаулығы тұрақты, ол аурухана мамандарының жіті бақылауына алынған.

