STEPPENEWS.KZ: Алматының қақ ортасында, Сейфуллин мен Райымбек даңғылдарының қиылысында жантүршігерлік жол апаты орын алды. Күндізгі уақытта «зебрамен» өтпек болған 15 жасар жасөспірімді көлік қағып, жүргізуші оқиға орнынан бой тасалаған. Қазіргі уақытта қалалық полиция департаменті күдіктіні құрықтау үшін арнайы іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Оқиға 12 қаңтар күні сағат 11:05 шамасында, қозғалыс өте тығыз аумақта болған. Куәгерлердің айтуынша, соққыдан кейін көлік тізгініндегі ер адам сыртқа шығып, зардап шеккен баламен қысқаша сөйлескен. Алайда ол медициналық көмек көрсетудің немесе тәртіп сақшыларын күтудің орнына, жауапкершіліктен қашып, көлігіне мініп тайып тұрған.
Қазіргі уақытта мектеп оқушысы ауруханаға жеткізілді. Оның денсаулық жағдайы туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ, бірақ баланың жақындары тергеу барысына алаңдаушылық білдіріп отыр. Олар кездейсоқ куәгерлерден немесе сол маңнан бейнетіркегіші қосулы күйде өткен жүргізушілерден көмек сұрайды. Кез келген дерек кінәліні табуға септігін тигізуі мүмкін.
Алматы қалалық Полиция департаменті аталған фактіні растап, Әкімшілік полиция басқармасының іздестіру бөлімі мен Алмалы аудандық полиция басқармасы іске кіріскенін мәлімдеді. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларын тексеріп, жүргізушінің жеке басын анықтау үстінде. Кінәлі азамат тек жол ережесін бұзғаны үшін емес, адамды қауіпті жағдайда қалдырып кеткені үшін де заң алдында жауап береді.

