STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларды орындау аясында, соның ішінде білім саласындағы бюджетті үнемдеу мәселесіне байланысты, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірлік білім басқармалары мен аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшыларымен онлайн форматта кеңес өткізді.
Президент жүктеген міндеттерге сәйкес министрлік шығыстарды оңтайландыру жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта білім беру жүйесіндегі қаржы формальды іс-шараларға емес, нақты сапаны арттыруға бағытталмақ. Осыған байланысты есеп үшін ғана ұйымдастырылатын форумдар мен түрлі жиындардың саны қысқартылады. Республикалық және өңірлік деңгейдегі іс-шаралар тізімі қайта қаралып, тек білім мазмұнын жетілдіруге нақты үлес қосатын жобаларға ғана мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Кездесу барысында өңірлердегі дағдарыс менеджментінің тиімділігі мен бала қауіпсіздігі мәселелері де сөз болды. Министр мектептердегі техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуы, бейнебақылау жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі, күзет қызметінің сапасы және оқушылар арасындағы психологиялық ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.
Өңірлік басқарма басшыларына жергілікті деңгейде жедел әрі нақты шешімдер қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар ата-аналармен тиімді кері байланыс орнату мектеп қауіпсіздігінің тұтас экожүйесінің маңызды құрамдас бөлігі екені ерекше айтылды.

