STEPPENEWS.KZ: Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Матен Петролеум» АҚ бас директоры Лю Цзиньчэннің дайындығын қатаң сынап, отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғады. Халық қалаулысы мұнай алпауытын жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудың орнына, барлық жабдықты Қытайдан тасымалдап, пайданы шетелге шығарып отыр деп айыптады.
Депутат Маңғыстау облысындағы тарифтердің негізсіз төмендігі мен қаржының сыртқа жылыстауына қатысты өткір сауалдар қойды. Ол компания басшылығының депутаттар алдында есеп бере алмай, жалтаруын сынға алды. Отандық өндірушілерге жұмыс орнын ашудың орнына, құрал-сайманды тек сырттан сатып алу саясатына наразылық білдірді. Сұраққа жауап бере алмаған бас директордың орнына оның әріптесі араласуға мәжбүр болғанда, Жаңбыршин жауапты тек бірінші басшының өзі беруі керектігін талап етті.
«Өзі жауап берсін. Олар бас директор болып отыр ғой ақша алып», – деді Еділ Жаңбыршин.
Кәсіпорын басшысы бар болғаны алты келісімшарт бар екенін айтқанымен, нақты деректерді келтіре алмады. Бұл жауап депутаттың наразылығын одан сайын күшейтті.
«Сіз дайын емессіз бе? Сіздерге хатты алдын ала жібердік қой. Бар болғаны алты келісімшарт, сіз оны жатқа білуіңіз қажет», – деп атап өтті мәжілісмен.
Жиын соңында депутат стратегиялық маңызды кәсіпорын тізгінін ұстаған тұлғаның өз саласынан хабарсыз болуын білімсіз оқушының әрекетіне теңеді.
«Кешіріңіз мені, бірақ сіз (сабақты) екіге оқитын оқушы сияқтысыз. Бас директор ретінде кімдермен келісімшарт жасалғанын, қандай тауарлар түрі бойынша екенін, компаниялардың орналасқан жерін және қандай сома және қанша жылға келісімшарт жасалғанын білуіңіз керек», – деп түйіндеді сөзін Еділ Жаңбыршин.

