STEPPENEWS.KZ: Түркия парламентінде жаңа әділет министрін тағайындауға байланысты төбелес болды. Бұған Стамбұлдың бұрынғы бас прокуроры Акын Гөрлекті Әділет министрі қызметіне тағайындау шешімі себеп болған.
Гөрлек бұған дейін бірқатар оппозициялық саясаткерлердің, соның ішінде Стамбұлдың бұрынғы мэрі Экрем Имамоғлудың тұтқындалуымен аяқталған резонансты істерді жүргізген. Сондықтан оның тағайындалуы оппозиция тарапынан қатаң наразылық тудырды.
Ант беру алдында оппозициялық CHP партиясының депутаттары парламент мінберін басып алды. Вице-спикер Гөрлекті ант беруге шақырған кезде, биліктегі AKP партиясы мен оппозиция депутаттары арасында жанжал басталды. Отырысты он минутқа тоқтатуға тура келді. Төбелес кезінде CHP депутаты Махмут Таналдының мұрнынан қан кеткен.
Үзілістен кейін Гөрлек AKP жақтастарының қоршауында ант берді. Оппозиция депутаттары оны ысқырып қарсы алды. Артынша жаңа ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи де ант қабылдады. Екі министр де залдан ешқандай пікір білдірместен шығып кетті.
Оппозиция бұл тағайындауды «демократияға соққы» және CHP-ке жасалған қысымның жалғасы деп атады. Партия жетекшісі Өзгүр Өзел «енді ештеңе бұрынғыдай болмайды» деп мәлімдеді.

