STEPPENEWS.KZ: Ауаны ластағандар енді жасырына алмайды. Алматы қаласының ауа сапасын бақылау жаңа деңгейге көтерілмек. Енді мегаполис атмосферасының тазалығына «Eco Almaty» ЖШС жауапты болады. Бұл ұйым полиция мен тиісті департаменттермен бірлесе отырып, экологиялық заңбұзушылықтарды анықтаумен айналысады.
Бақылау қалай жүргізіледі?
Қаланың тынысын тарылтатындарды құрықтау үшін заманауи технологиялар қолданылады:
- Әуеден бақылау: Өндіріс орындары мен кәсіпорындардан шығатын түтінді ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) жоғарыдан бақылайды. Бұл маман көзіне түсе бермейтін жасырын шығарындыларды анықтауға мүмкіндік береді.
- Жолдағы тексеріс: Жеке көліктер, автобустар мен жүк көліктерінің улы газы арнайы спектрометрлермен өлшенеді.
- Тәулік бойы күзет: Қазіргі уақытта қала бойынша 19 стационарлық және 4 жылжымалы экологиялық бекет жұмыс істеп тұр.

Кімдер нысанада?
Тексеру тек көлік иелерімен шектелмейді. Төмендегі жағдайлар жіті қадағалауға алынады:
- Қоқыс полигондарындағы өрттер мен заңсыз қоқыс жағу деректері;
- Стихиялық өрт ошақтары;
- Пиротехниканы бейберекет қолдану.
Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, «мұндай тәсіл қаладағы ауа сапасын тиімді бақылауға және экологиялық талаптардың бұзылуына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», дейді.

