STEPPENEWS.KZ: Материал Qazaq Expert Club-тың геология және геофизика саласындағы сарапшысы Абзал Кенесарының пікіріне негізделіп дайындалды. Қаратон тұзасты учаскесінде алынған газдың фонтандылық ағыны Каспий маңы өңіріндегі тұзасты барлау жұмыстары үшін маңызды оқиға болып отыр. Бұл жаңалық Қазақстанның көмірсутек ресурстық базасын кеңейту тұрғысынан да елеулі әлеуетке ие.
Бұл туралы Qazaq Expert Club-тың геология және геофизика саласындағы сарапшысы Абзал Кенесары терең іздеу ұңғымасын сынау нәтижелеріне пікір білдіре отырып мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, Қаратон жобасы елдегі көмірсутек ресурстық базасын ұлғайтудағы негізгі бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Ол Теңіз бен Қашаған сияқты ірі әрі жұмыс істеп тұрған кен орындарынан тыс жаңа тірек нысан ретінде қарастырылып отыр. Тұзасты горизонттары тарихи тұрғыдан технологиялық жағынан күрделі және капиталоемкий саналады, алайда олардың ресурстық әлеуеті өте жоғары.
«Ұңғыманы бұрғылау 2024 жылдың қарашасында басталып, 2025 жылдың желтоқсанында 5750 метр тереңдікте аяқталды. Сынақтар аномальды жоғары қабат қысымы және күкіртсутегінің болуы жағдайында өтті. Алынған ағын тұзасты горизонттарында көмірсутектердің бар екенін растады. Жұмыс бағдарламасына сәйкес, тағы төрт перспективалы нысанда сынақ жүргізіледі», — деді Абзал Кенесары.
Сарапшының атап өтуінше, алғашқы нысанда тіркелген газ ағыны жұмыс істеп тұрған мұнай-газ жүйесінің бар екенін көрсетеді. Алайда кен орнының ықтимал ауқымы жөніндегі түпкілікті қорытындылар барлық перспективалы интервалдар толық сынақтан өтіп, дебит, құрам және қабат қысымы көрсеткіштері жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана жасалады.

