STEPPENEWS.KZ: Шымкенттегі «Восток» шағын ауданында орналасқан пәтерлердің бірінен бір үйдің үш адамының мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайға табиғи газдан улану себеп болған, деп хабарлайды Otyrar.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, көптен бері хабарсыз кеткен көршілеріне алаңдаған тұрғындар құтқарушыларға жүгінген. 8 ақпан күні сағат 16:36-да келіп түскен шақырту бойынша мамандар пәтер есігін бұзып кіріп, жансыз денелерді тапты. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы толық анықталып жатыр. Мәйіттерден зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған, тергеу амалдары жалғасуда.

