STEPPENEWS.KZ: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны жаңарту қолданыстағы Негізгі заңнан бас тарту дегенді білдірмейтінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі Конституция соңғы 30 жылда Қазақстанның дамуына шешуші үлес қосты.
Президент бұл жетістіктерде Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның сөзінше, Конституция ел Егемендігін енді ғана алған, мемлекет «аяғынан тік тұрып жатқан» күрделі кезеңде қабылданған және сол уақыттың шынайы жағдайын көрсетті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев арада өткен жылдар ішінде ел мен қоғамның түбегейлі өзгергенін айтты. Қазақстан түрлі күмәнді болжамдарға қарамастан, халықаралық аренада беделі жоғары, тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты.
Жаһандық геосаяси ахуалдың, технологиялық үдерістердің өзгеруі және ішкі трансформациялар аясында билік елдің жаңа мақсаттары мен құндылықтарын айқындау қажет деп санайды. Осыған байланысты оларды конституциялық деңгейде бекіту мәселесі күн тәртібіне шыққан.
«Біздің мақсаттарымызды, құндылықтарымызды және қағидаттарымызды өзектендіру аса маңызды», – деді Президент.

